
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу мақсатында ұйымдастырылған «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР» шеруіне ауыл шаруашылық саласы бойынша Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі де қатысты.
Бұл іс-шараға Түркістан облысындағы барлық кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары өздерінің саласы бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті. Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі ауыл шаруашылығында қолданыстағы соңғы инновациялық технологиялармен және әлеуметтік серіктестермен бірлесе атқарылып жатқан жобаларын қатысушыларға таныстырды.
Аталған іс-шараға облыс әкімдігі, мәслихат депутаттары, салалық басқармалар, «Атамекен» ӨКП, өндіріс өкілдері, колледждер, жұмысшы мамандық иелері, өндіріс орындарының өкілдері, кәсіпкерлер, мектеп оқушылар мен ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты. Шеруге Түркістан облысының әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлы арнайы қатысып, колледждердің тыныс-тіршілігімен танысты және студент жастарға білім алуда озат, өз мамандығының шыңына шығатын нағыз маман болып өсуіне ізгі тілегін білдірді.


