
Жамбыл облысының Құлан жоғары аграрлық колледжінде Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Республикалық кәсіби шеберлік конкурсы -2022» байқауына Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің ұстаздары қатысып, бас жүлде мен бірінші орынды қанжығалап қайтты.
Колледж ұстаздарының білім, білік сапасын республикалық деңгейде саралап, білім беру жүйесіндегі педагогикалық қызметтің нысаналы дамуына, олардың кәсіби шыңдалуына ықпал етуді мақсат тұтқан додалы сайыс тартысты өтіп, шығармашыл, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін терең меңгерген, білім алушының оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыра алатын қабілетке ие ұстаздар ғана жүзден жүйрік шығып, көрермен мен әділ қазылар алқасынан оң бағаларын алды.
Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің атынан сайысқа түскен ұстаздар; Назиева Гульжан «Ветеринария» мамандығы бойынша бас жүлдені, Қалдасов Азамат «Агрономия» мамандығы бойынша бірінші орынды иеленіп, өз мамандықтарының қас шеберлері екендігін республика деңгейінде дәлелдеп берді.
Жеңімпаздарды колледж директорының міндетін атқарушы Б.Шығанов құттықтап, ұрпақ тәрбиесінде талмай жұмыс істеулеріне сәттілік тіледі.
Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің абыройын республикаға асқақтатқан оқытушыларымызға шығармашылық шабыт тілеп, «жеңістеріңіз жемісті болсын!» дейміз.



